Павлодар облысында Иса Байзақовтың көне домбырасы табылды
Жәдігердің таныстырылымы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дауылпаз ақынның өз қолымен ұстаған мұндай жәдігер өңірімізде тұңғыш рет табылып отыр.
– Келер жылы тұлғаның туғанына 125 жыл толады. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақынның мерейтойы қарсаңында зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Соның бір нәтижесі – жуықта музей қызметкерлері Ертіс ауданынан Иса ұстаған домбыраны іздеп тапты. Бұл өңіріміз үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Себебі, ақынның туған жеріндегі музейлерде мұндай жәдігер жоқ, – деп жазылған хабарламада.
Домбыра жайында Исаның Үлгілі ауылындағы музейін алғашқы ұйымдастырушы, ардагер ұстаз, Қазақ КСР халың ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбиева Күләш Әбиқызы әңгімелеп береді.
Кеште сондай-ақ дауылпаз ақынның әндері шырқалады.
Иса Байзақов 1900 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. 40-тан астам халық әнінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті.