Павлодарда студенттер поэтикалық дуэль ұйымдастырмақ

Павлодарда студенттер поэтикалық дуэль ұйымдастырмақ
Фото: Константин Шелков

Мүшәйраға облыстың оқушылары мен студенттері қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Құс қанат ғұмыр» әдеби-поэтикалық ұйымының ұйымдастыруымен «Ұлтын ойлаған ұлылар» атты облыстық жас ақындар байқауы ұйымдастырылмақ.

Байқау үш кезеңнен тұрады: «Ұлтын ойлаған ұлылар» – ақындар өңір тұлғаларын қатыстырып, арнау шығаруы керек. Іріктеуден сүрінбей өткендер екінші және үшінші кезеңге жолдама алады.

Дуэль форматы, яғни «Тұлғалар түлеп ұшқан тұс» тақырыбында туған жер тақырыбына өңір тұлғаларын қосып жырлау.  Кіл мықтылар өзара сынға түсетін болады. Бұл жерде жас ақындардың инпровизациясы сынға түспек. 

Соңғы бөлімде «Ұлтын сүйген ұлылар» тақырыбына немесе сол жерде берілген тақырыпқа  өлең шығарады.

– Байқау шарттары бойынша өлеңдер А4 форматындағы Times New Roman 14 шрифтімен және қара түспен терілген екі нұсқада тапсырылуы тиіс. Берілген тақырып аясында ғана жазылуы тиісті, сай келмейтін өлеңдер қатыстырылмайды. Ақындар тек өз өлеңіндерін оқуға міндетті. Жарыс барысында плагиат қатаң түрде тексеріледі. Плагиат жағдайында ақын сайыстан шығарылады, – дейді ұйымдастырушылар. 

Мүшәйраға қатысушылар ұлттық киіммен келуге міндетті. 

Айта кету керек, байқауға тіркелу үшін 8 (777) 346-77-50 байланыс нөміріне хабарласуға болады.