Павлодарлық әртістер Қырғызстандағы ауқымды іс-шараға қатысты

Павлодарлық әртістер Қырғызстандағы ауқымды іс-шараға қатысты

Олардың бірі Бішкекте өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қатысқаны туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясының «Нұр» би ансамблінің әртісі Аян Әби Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Павлодардан елордаға ансамбльдің ерлер құрамынан жеті өнерпаз барған. Олар тамыз айы бойы жаңа «Бішкек Арена» стадионында өткен ауқымды театрландырылған қойылымға дайындалды.

Аян Әбидің айтуынша, қойылымды дайындауға небәрі бір ай уақыт берілген. Сондықтан дайындық өте тығыз кесте бойынша жүргізілген.

- Кесте өте тығыз болды. Біз таңғы сағат төрт-беске дейін репетиция жасадық. Содан кейін аздап ұйықтап, түскі сағат бірлерде, кейде одан да ертерек қайтадан дайындыққа баратынбыз. Осылайша бір ай өтті. Осы уақыт ішінде бір-ақ күн демалдық, — дейді өнерпаз.

Қойылымның ауқымы да ерекше болды. Хореографиялық бөлімге 600-ге жуық биші қатысты. Олардың басым бөлігі Қырғызстан мен Қазақстаннан болса, Ресей мен Өзбекстаннан да өнерпаздар шақырылған. Жалпы қойылымға актерлер, музыканттар, хор және оркестр мүшелерін қоса алғанда, шамамен екі мың өнерпаз қатысты. Сонымен қатар бағдарламада 300-ге жуық салт атты өнер көрсетті.

Аян Әби үшін мұндай ауқымды халықаралық жобаға қатысу үлкен кәсіби тәжірибе болды. Ол «Нұр» ансамблінде 2018 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

- Осындай ауқымды шоуға қатысу біз үшін өте үлкен тәжірибе болды, — дейді Аян Әби.

Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан павлодарлық өнерпаздар енді шығармашылық жұмыстарына қайта кірісті. «Нұр» ансамблінің алдағы үлкен жобаларының бірі 9 қазанда облыстық филармонияда өтетін концерт болмақ. Бағдарлама түрлі халықтардың мәдениеті мен өнеріне арналады.

Фото: Иса Байзақов атындағы облыстық филармония баспасөз қызметі және автор