«Тіл жанашыры-2023»: Павлодарда облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

«Тіл жанашыры-2023»: Павлодарда  облыстық  байқаудың жеңімпаздары марапатталды
Фото: Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Байқауға барлығы он үш адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды ынталандыру. 

– Байқаудың ережесіне сәйкес қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысқан жалпы әртүрлі саланың өкілдері қатысты. Сондай-ақ оқу және мәдени-ағартушылық бағдарламалардың, ғылыми жұмыстардың, көптеген мақалалар мен жарияланымдардың авторлары мен рухани құндылықтарымызды кейiнгi ұрпаққа үлгі өнеге етіп, мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері бақ сынады, – дейді басқармада. 

Қатысушылардан түскен материалдар мен құжаттарды тіл ғалымдары мен қоғам белсенділері құрамынан тұратын қазылар алқасының құрамы қарастырып, талдап, номинация иелерін анықтады. 

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға үлес қосқан Баянауыл ауданының Ш. Айманов атындағы ЖОБМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Таңат Ахатов «Тіл жанашыры» номинациясымен, Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы Гүлнар Елгонденова «Тіл майталманы» номинациясымен және Ақтоғай ауданы ЖОБМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерболат Нұқ  «Тіл жаршысы»  номинациясымен марапатталды.

Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.