Павлодар облысында рейд кезінде 70-тен астам мас жүргізуші ұсталды

Павлодар облысында рейд кезінде 70-тен астам мас жүргізуші ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында үш мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 2733 дерегін анықтады.

Ең көп тіркелген құқық бұзушылық – қауіпсіздік белдігін тақпау. Осыған байланысты 1130 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 465 жүргізуші көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланған, 255 адам техникалық талапқа сай келмейтін көлік құралын басқарған, ал 32 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққан.

Бұдан бөлек, рейд барысында 73 мас жүргізуші ұсталды.

– Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік жыл сайын күшейтіліп келе жатқанына қарамастан, кейбір жол қозғалысына қатысушылар әлі де болса немқұрайлық танытып, қауіпсіздік талаптарын елемейді. Мұндай жауапсыздық көбіне ауыр, тіпті қайғылы салдарға әкеледі, – деді Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.

Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жолда өзара сыйластық танытуға шақырды.