Емтихансыз куәлік: Астанада Павлодар тұрғыны ұсталды
Ол ақшалай сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алуды ұсынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері 30 жастағы Павлодар қаласының тұрғынын анықтады.
– Елорда тұрғыны полицияға хабарласып, алаяққа 400 мың теңге бергенін айтқан. Ол интернеттен емтихансыз жүргізуші куәлігін алу туралы хабарландыру тауып алған. WhatsApp желісінде хат алмасу кезінде алаяқ жәбірленушіге жүргізуші куәлігін алуға көмектесетініне сендірген. Алайда айласын асырып, ақшаны алғаннан кейін хабарламалар мен телефон қоңырауларына жауап беруді бірден тоқтатқан, – дейді департаментте.
Полицейлер қылмыскерді анықтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Полицейлер жүргізуші куәлігін беру тәртібі мен ережелері www.gov.kz ресми интернет-ресурсында орналастырылғанын және тек уәкілетті органмен берілетінін еске салды. Мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың жүргізуші куәлігін жасау туралы жарнамалар жалған болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалған құжаттарды алғаны үшін де жауапкершілік қарастырылған.