Баянауылдағы жер сілкінісі: 4–6 балл туралы ақпарат жалған

Баянауылдағы жер сілкінісі: 4–6 балл туралы ақпарат жалған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Желіде жер сілкінісінің күші 4-6 балл болғаны туралы ақпарат таралуда. Алайда қолданушылар «магнитуда» мен «қарқындылық» ұғымдарын шатастырып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, магнитуда – жер сілкінісі кезінде бөлінген энергия мөлшерін көрсететін көрсеткіш. Ол жер сілкінісінің ошағындағы қуатты сипаттайды және бүкіл оқиға үшін бірдей мәнге ие болады.

Ал қарқындылық – жер сілкінісінің белгілі бір аумақта қаншалықты сезілгенін көрсететін көрсеткіш. Ол MSK-64 шкаласы бойынша балмен өлшенеді және эпицентрге дейінгі қашықтыққа, ошақтың тереңдігіне, топырақ түріне және ғимараттардың сейсмотұрақтылығына байланысты болады.

- 26 мамыр күні сағат 11:28-де ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісі Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Баянауыл ауылында жер сілкінісін тіркеді. Есептік қарқындылығы MSK-64 шкаласы бойынша 2 баллды, ал магнитудасы 4.7 болды. Бұл көрсеткіштер магнитуданы білдіреді, яғни баллмен өлшенетін сезілу қарқындылығы емес, - дейді төтеншеліктер.

Осылайша, желіде тарап жатқан «4–6 балл» туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Себебі әңгіме жер сілкінісінің магнитудасы жайлы болып отыр, ал сезілген дүмпу қарқындылығы емес.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, жалған мәлімет таратпауды сұрайды.