Келесі жылы Павлодар облысында шегіртке көбеюі мүмкін
Қазіргі уақытта өңірде фитосанитарлық жағдай тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аппарат жиналысында фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығы облыстық филиалының жетекшісі Гүлнәр Арыстанбекова мәлім етті.
Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өсімдік өнімдерінің зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден ысырап болуын болдырмау мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізілуде. 116,7 мың гектар алқаптың жарты бөлігінде үйір шегірткелерге және 99,8 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Алдын ала жұмыстарына қаражат жергілікті бюджеттен алынды.
Облыста және шекаралас аймақтарда шегіртке және басқа да зиянды жәндіктерге қатысты фитосанитарлық жағдай тұрақты. Бірақ келесі жылы олардың саны аздап өседі деген болжам бар.
– Жүйелі бақылаулар бойынша шегірткелердің аздап көбею қаупі бар. Соңғы болжам жұмыртқа салу кезеңінде мониторингтік зерттеу жүргізген кезде жасалады. Уақытылы профилактикалық жұмыстар жүргізілсе, келесі жылы Павлодар облысында қауіп төнбейді, – дейді Гүлнәр Арыстанбекова.
Сонымен қатар, Ресеймен шекарада тұрақты бақылау жүргізілуде. «Россельхознадзор» мамандарымен бірге Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесінің 13 ауданы бойынша тексеріс өтті. Сондай-ақ, Абай, Қарағанды, Ақмола облыстарымен шекаралас аймақтарды да тексерілген.
Облыс әкімі Асайн Байханов тәуекелдерді үнемі қадағалап, бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
– Республикалық агроөңір кешенінің аумақтық инспекциясы фитосанитарлық диагностика және болжам орталығының облыстық филиалы егістік тексерісті уақытылы қамтамасыз етсін. 2025 жылы химиялық өңдеуге болжам жасау үшін шегіртке қоныстарың тексеру жүргізіп, Ресей мен Қазақстан шекарасында фитосанитарлық жағдайға ерекше бақылау орнатылсын. Ауыл шаруашылығы және бюджеттік жоспарлау басқармасы 2025 жылы шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізу үшін қаражат бөлуін қамтамасыз етсін, – деді Асайын Байханов.
Айта кетерлігі, аса қауіпті зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары кәсіпкерлік субъектілері есебінен жүргізіледі деп жоспарлануда. Шамамен шабындық көбелекке қарсы 23 мың гектар алқабы өңделеді. 173 мың гектар химиялық заттармен арамшөптен тазартылды.