Павлодар облысында судағы қауіпсіздікке бақылау күшейтілді

Павлодар облысында судағы қауіпсіздікке бақылау күшейтілді
Фото: Константин Шелков

Мас күйінде қайық басқарғандарға қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау шаралары күшейтілді. Бұл туралы Павлодар облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Ғалямов мәлімдеді.

Жыл басынан бері облыста полиция және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп 200-ден астам рейд өткізілген. Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 100-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.

1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді пайдалану саласын реттеу құзыреті Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Осыған байланысты өңірде шағын жүзу құралдарына қатысты тексерулер де күшейтіледі.

Рейдтер барысында екі ер адамның шағын көлемді кемені мас күйінде басқарғаны анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 250-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бапқа сәйкес 50 тәулікке дейін қамау, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы көзделген.

Сонымен қатар, Ертіс өзенінен заң талаптарын бұзып өтпек болған азаматқа қатысты іс сотқа жолданған. Тергеу мәліметінше, үш адамға арналған қайыққа белгіленген мөлшерден артық жолаушы отырғызылып, соның салдарынан қайық аударылған. Кемені басқарған адам оқиға орнынан қашып кеткен. Тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр.

ТЖД тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде заң талаптарын бұзбауға шақырды.