Успен ауданына қоныстанған қандастардың барлығы Қытайдан келген
Биыл ауданға еліміздің оңтүстік өңірлерінен 151 адам көшіп келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев мәлім етті.
– 2023 жылы ауданға еліміздің оңтүстік өңірлерінен 151 адам көшіп келді. Ал шет елдерден жыл басынан бері 16 қандасымыз тұрақтап қалды. Ағымдағы жылы көшіп келген қандастарға мемлекет тарапынан керекті барлық көмек көрсетіліп, қолдау жасалуда, – дейді Нұрболат Мақашев.
Ағымдағы жылы көшіп келген этникалық қазақтардың барлығы – Қытай Халық Республикасынан.
Ал ел ішінде қоныс аударғандар Түркістан, Жетісу, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Маңғыстан өңірлерінен келген.
– Қандастарға жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлікті дамытуға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен несие берілуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында да көмек көрсетілуде. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды қарастырып, жағдай жасаудың жолы ойластырылады, – деді Нұрболат Мақашев.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 ақпандағы бұйрығымен қандастарды ерікті түрде көшіру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Оларға Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотека бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем – экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі.
Ұлттық жоба аясында қандастар және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік субсидия түрінде келесі мемлекеттік қолдаулар көрсету көзделген: көшіп келуге бір реттік 70 АЕК (241 500 теңге), тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын жабу үшін 15-30 АЕК, тұрғын үйді сатып алуға немесе баспана құрылысына 4 млн теңге көлемінде сертификат.
Еске сала кетейік, биыл 7 айдың ішінде Успен ауданында 12 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алды. Ал өткен жылы олардың саны жетеу болған.
Сонымен қатар, ресми мәліметке сүйенсек, облысқа жыл басынан бері оңтүстік өңірлерден 1700-ге жуық адам, 717 этникалық қандас шет елден көшіп келіп, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына кірді.