Павлодар облысында 1,5 миллион теңгенің заңсыз отшашуы тәркіленді
Облыс көлемінде өтіп жатқан «Пиротехника» республикалық ЖПШ аясында заңсыз сауда нүктелері бірінен соң бірі анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері 300-дан астам рейдтік тексеру жүргізіп, мерекелік отшашуларды рұқсатсыз сатқан кәсіпкерлерді құрықтады. Басты мақсат – сапасыз өнімнің кесірінен болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын сақтау.

Павлодар қаласындағы тексеріс барысында полиция қызметкерлері көлік ішінен тікелей көшеде сауда жасаған ер адамды анықтады. Оның жүк салғышынан құны бір миллион теңгеге жуық пиротехникалық бұйымдар табылды.
– Рейдтер барысында рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактісі анықталды. Ер адам отшашуларды өзінің автокөлігінен тікелей көшеде сатқан. Тәркіленген тауардың жалпы құны шамамен бір миллион теңгені құрайды. Тауар иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, ал пиротехникалық бұйымдар тиісті тексеру үшін алынды, – деді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Азамат Исеев.

Осыған ұқсас жағдай Екібастұз қаласында да тіркелді. Мұнда тәртіп сақшылары заңсыз сауданың екі бірдей дерегін әшкереледі. Тәркіленген тауардың жалпы құны шамамен 500 мың теңгені құрады.
– Рейдтік іс-шаралар барысында рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық өнімдерді заңсыз сату бойынша екі дерек анықталды. Заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды, ал пиротехникалық бұйымдар тиісті тексеру жүргізу үшін тәркіленді, – деді қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік қызметінің бастығы Медет Бейсенов.
Полиция департаменті тек көшедегі сауданы емес, әлеуметтік желілердегі жарнамаларды да жіті бақылауда ұстап отыр. Мамандардың айтуынша, заңсыз пиротехниканы пайдалану ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Құқық қорғау органдары тұрғындарды тек арнайы лицензиясы бар дүкендерден ғана өнім алуға және сатып алу кезінде сәйкестік сертификатын талап етуге шақырады.
Фотосуреттерді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды