Жанрдың тоғысуы: Павлодарлық «RUH» тобы әуендерге қалай жаңа дем беруде?

Шығармашылық ұжымның құрылғанына аз уақыт болса да, өнерпаздар халықаралық сахнада өнер көрсетіп, қазақ өнерін әлемге танытуда, деп хабарлайды @Pavliodarnews.kz.
Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «RUH» этно-микс тобы – ұлттық аспаптар мен заманауи музыканы үйлестіріп, жаңа бағытта өнер көрсетіп жүрген ерекше ұжым.
Топ атауының өзі терең мағынаға ие. Қазақ тіліндегі «Рух» сөзі жанды, ішкі күшті, адамның жандүниесін білдіреді. Ал этно-микс атауы түрлі этникалық элементтер мен ұлттық аспаптарды заманауи бағыттармен ұштастыруды меңзейді.
– Музыка арқылы біз ұлттық болмысымызды, шығармашылық рухымызды жеткізгіміз келеді. Тыңдарманға қуат пен шабыт сыйлау – басты мақсатымыз, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мәди Төлеев.
Ұжым құрамында бес музыкант бар. Олар – Мәди Төлеев, Жансая Қабышева, Айым Мэлс, Әнуар Құрманғали, Ілияс Нұрғожинов. Дәстүрлі домбыра мен жетігенді, сонымен қатар барабан, MIDI-клавиатура сынды заманауи аспаптарды қатар қолданады.
– Жетігеннің нәзік үні, домбыраның күйлік сипаты мен барабандардың ырғақтық драйвы бірігіп, бай тембрлік палитра құрайды. Біз этникалық сарындарды жаңа аранжировкаларда ұсынып, импровизация арқылы әр туындыға тың тыныс береміз, – дейді ол.
«RUH» тобы 2022 жылдың ақпан айында құрылған. Ұжымның негізін қалаған – Мәди Төлеев. Ол студент кезінен этникалық стильде жаңа музыкалық топ құруды армандаған. Оқу бітіріп, туған еліне оралған соң, Иса Байзақов атындағы филармония мен музыкалық колледжде қызмет атқара жүріп, бұл арманын жүзеге асырды.
– Алғашқы сахналық қадамдарымызды Иса Байзақов атындағы филармония сахнасында жасадық. Ол кезде арнайы костюмдеріміз болмағанымен, қарапайым киіммен шығып, көрермен ықыласына бөлендік. «Оңай ма?» және «Кубин биі» шығармаларының этно-фьюжн үлгісіндегі алғашқы өңдеуіміз көпшіліктің көңілінен шыққан болатын,– деді Мәди Төлеев.
Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, «RUH» тобы халықаралық деңгейде таныла бастады. 2024 жылы Түркияның Алания қаласында өткен «Global art competition» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленген. Сондай-ақ, биыл жазда олар Стамбулда өткен халықаралық этнофестивальге қатысып, Корея, Египет, Кипр, Коста-Рика сынды жеті елдің өнерпаздарымен қатар өнер көрсеткен.
Алдағы күндері музыканттар Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өтетін фестивальге жол тартады.
Ұлттық рух пен заманауи музыканы тоғыстырған «RUH» тобы қысқа уақыт ішінде шығармашылығымен көпшілікті тәнті етіп, халықаралық сахнада қазақ өнерін көрсетіп жүр.