«Балаларым әкесіз қалмады»: суға батқан павлодарлық полицейлерге алғысын айтты

«Балаларым әкесіз қалмады»: суға батқан павлодарлық полицейлерге алғысын айтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқыс оқиға Сабындыкөлде орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының қызметкері Болатбек Досмағамбет бірнеше күн бұрын өзі құтқарып қалған азаматтың қал-жағдайын білу үшін ауруханаға барды.

Науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін офицер ауруханаға ат басын бұрып, Бәкет Нұрғалиұлына базарлығын ала барды. Өзі өмірін сақтап қалған азаматпен әңгімелесіп, оның алғысын қабылдады.

– Мен басқаша әрекет ете алмайтын едім, кез келген азамат дәл осылай істер еді деп ойлаймын. Сол сәтте қауіп-қатер туралы ойлаған жоқпын, ең бастысы – адамды аман алып қалу болды. Бүгін Бәкет ағаның жүзінен күлкі көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Біз көп нәрсе жайында сөйлестік, ол маған ақыл-кеңесін айтып, денсаулық пен қызметіме сәттілік тіледі, – дейді Болатбек Досмағамбет.

Ал екінші рет өмірге келген Бәкет Нұрғалиұлы оқиғаның қалай болғанын өзі баяндап берді.

– Болатбектің жедел әрекеті мен батылдығының арқасында балаларым әкесіз қалмады. Сол күні күн өте ыстық болды, жай ғана шомылуға барған едім. Әдеттегідей суға түстім, одан кейінгісін есіме түсіре алмаймын. Қазір аман-есенмін, туған-туыстарыммен сөйлесіп отырмын. Мұның бәрі полиция қызметкерінің арқасы. Оған зор денсаулық, өмір жолында әрдайым сәттілік тілеймін. Мені құтқарып қалғаны үшін және оны осындай азамат етіп тәрбиелеген ата-анасына өмір бойы алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Еске сала кетейік, ер адамды жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің полиция қызметкері Болатбек Досмағамбетпен бірге патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы, аға лейтенант Әділбек Сабданбеков бірге құтқарып қалған.