Павлодар облысында тауарды жүкқұжатсыз тасымалдаған үш жағдай тіркелді
Тауар иелеріне 128 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова мәлім етті.
– Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарларға іліспе жүкқұжаттар болуы жайлы міндеттемелер күшіне енген болатын. Осы уақыт аралығында елімізде 14 салық төлеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үшеуі облыс аумағында тіркелді. Яғни, жүкқұжаттар дұрыс толтырылмаған немесе болмаған. Егер де тауар тасымалдау барысында жүкқұжат болмаса, тауар иесіне ӘҚБтК-нің 283-1 бабына сәйкес 5-30 АЕК айыппұл салынады, – дейді Галина Бирюкова.
Оның айтуынша, елімізге көбінесе – азық-түлік, металлдан жасалған бұйымдар, өнеркәсіптік жабдықтар, химиялық өнімдер сынды тауарлар импортталады. Ал елімізден – алюминий оксиді, көмір, тұз, жылжымалы құрамның бөліктері, құбырлар, легирленбеген алюминий, полипропилен тауарлары көптеп экспортталады.
Айта кету керек, 1 сәуірден бастап 10 815 жүкқұжат тексерілген. Оның жетеуі – 7569 импорт, 3246-ы – экспорт.