Павлодар облысында қарақұмық пен зығыр алқаптары ұлғайды
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс алқаптарын кеңейтіп, агроөнеркәсіптік секторда әртараптандыруды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде көктемгі егіс науқаны жалғасуда. Облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданына жұмыс сапары аясында егіс барысымен, ауыл шаруашылығы дақылдарының жағдайымен және агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалармен танысты. Сапар барысында техниканы жаңарту, егіс құрылымын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мәселелері талқыланды.
Биыл Тереңкөл ауданындағы жалпы егіс көлемі 318 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Егіс құрылымында дәнді және майлы дақылдар арасындағы тепе-теңдік сақталған.
– Дәнді дақылдар 143 мың гектарды, майлы дақылдар 151 мың гектарды алып жатыр. Мал азықтық дақылдарға, соның ішінде арпа мен бидайға 21 мың гектар бөлінді. Картоп шамамен екі мың гектарды, көкөністер 150 гектарды құрайды, – деді Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов.
Аудан әкімінің айтуынша, шаруашылықтардың техникалық базасы да нығаюда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қарамағында 500-ге жуық трактор, 575 сеялка және үш мыңнан астам басқа да техника бар. Биыл қосымша 4,9 миллиард теңгеге 54 жаңа техника сатып алынған.
Инвестицияның елеулі бөлігі ірі шаруашылықтарға тиесілі. Соның ішінде «Ивановка» ЖШС шамамен 2,5 млрд теңгеге техника алған. Қаржыландыру «Кең дала-2» бағдарламасы және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылуда.
Бағдарлама аясында биыл 3,397 миллиард теңгеге 45 өтінім мақұлданып, шаруашылықтар егіс науқанына дер кезінде дайындалған.
Мал азықтық дақылдарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта жүгері, арпа, сұлы және көпжылдық шөптер (жоңышқа, эспарцет, бидайық) өсірілуде. Нарық жағдайына байланысты қосымша алқаптар да енгізілуде.
Сондай-ақ бірқатар дақылдардың егіс көлемі артқан. Атап айтқанда, қарақұмық 3,5 мың гектарға ұлғайса, күнбағыс алқабы 10 мың гектарға көбейген. Қазіргі таңда бұл дақыл 140 мың гектар аумақты алып жатыр.
Аграрлар арасында құнды дақыл – майлы зығырға деген қызығушылық та артып отыр. Оның көлемі екі мың гектардан алты мың гектарға дейін өскен. Мамандардың пайымдауынша, зығыр сыртқы нарықта тұрақты сұранысқа ие, бағасы да тиімді – тоннасы 180-200 мың теңге аралығында.
Күнбағыс та жоғары рентабельді дақыл ретінде сақталып отыр: бағасы 170-200 мың теңге аралығында. Орташа өнімділік өткен жылы гектарына 18-20 центнер болса, кей шаруашылықтарда 30 центнерге дейін жеткен.
Жалпы алғанда, ауданда агроөнеркәсіптік секторды әртараптандыру, техникалық базаны жаңарту және инвестициялық белсенділікті арттыру жұмыстары жалғасуда.