Павлодар облысында тергеушілер қылмыстың алдын алудың жаңа тәсілдерін енгізуде

Павлодар облысында тергеушілер қылмыстың алдын алудың жаңа тәсілдерін енгізуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық полиция департаментінде қылмыстың алдын алу мәселелеріне арналған ZOOM-кеңес өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінде көзделген ұсынымдарды енгізу жұмысының сапасын арттыру мәселесі қаралды.

Онлайн-кездесу барысында өңірдің тергеушілері мен анықтаушыларына ведомство әзірлеген ұсынымдар үлгілерінің жинағы таныстырылды. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі бекіткен жаңа Нұсқаулық талаптарына сәйкес аталған құжаттарды рәсімдеу және енгізу тәртібі түсіндірілді.

Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Абзал Ибраев ұсынымдардың құқықтық маңызын атап өтті.

– Ұсыным ұғымы профилактикалық шара ретінде заңда жеке бекітілмегенімен, бұл процессуалдық құжат әділ сот төрелігінде маңызды рөл атқарады. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қылмыстың жасалуына себеп болған нақты себептер мен жағдайларды жоюға міндеттейді, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, ҚПК-нің 200-бабын тиімді қолдану қайталама қылмыстың деңгейін төмендетуге, мемлекеттік органдардағы бақылауды күшейтуге және тергеу жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді.

Кеңес қорытындысы бойынша әдістемелік құралдар мен үлгілердің электронды нұсқасы өңірлік бөлімшелерге жолданды.