Павлодар облысында он бес жағажай зерттелмеген
Оған Ертіс өзенінің деңгейі жазғы уақыттағы белгіден орташа көрсеткішке жоғары көтерілуі себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймерденов мәлім етті.
– Өңірде 32 жағажай тексеріліп, 70 нұсқаушы-қоғамдық құтқарушы оқытылды. Бүгінгі таңда 15 жағажай Шүлбі су қоймасынан су жіберуге байланысты зерттелмеген. Себебі, Ертіс өзенінің деңгейі жазғы уақытта орташа көрсеткіштен жоғары деңгейде. Осыған байланысты жағажай акваториясына зерттеу жүргізілмейді, – деді Қайрат Шаймерденов.
Баяндамашының сөзінше, жыл басынан бері облыста суда алты адам, шомылу маусымынан бері бес адам көз жұмған. Оның ішінде екеуі – бала. Шомылуға тыйым салынған жерлерге 177 тыйым салу белгісі орнатылып, 43 орын 2 ГИС мобильді қосымшасына енгізілген.
Барлығы бес мыңнан астам рейд өткізіліп, сегіз мыңнан астам адам қамтылды. Рейд барысында 412-бап бойынша 452 мың теңгеге 35 әкімшілік хаттама толтырылып, 364-бап бойынша суды пайдалану ержесін бұзғаны үшін 137 ескерту берілген, 440-бап бойынша қоғамдық орында алкогольдік сусындар ішкені үшін 15 хаттама толтырылған. Сондай-ақ көлік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен Ертіс өзенінде рейд өткізу кезінде 582-бапқа сәйкес үш әкімшілік материал толтырылды. Жыл басынан бері облыстық білім беру басқармасымен 5000-нан астам бала жүзуді үйренген.
– Қазіргі таңда бес факті бойынша сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Соның қорытындысы бойынша қайғылы оқиғаның себебі мен қандай жағдайда болғаны анықталады. Торайғыр ауылында екі бала футболдан соң сағат оннан кейін ешкімді ескертпестен тыйым салынған жерге шомылуға барған. Біреуінің денесін бірден, екіншісін таңғы сағат төрт-бесте тауып алған, судың түбінде тастардың астында тұрып қалған. Куәгерлердің айтуынша, орталық жағажайда көз жұмған адам мас күйінде болған. Сондай-ақ судың суық болуынан сіңірі ұстап қалған болуы да мүмкін, – деді Қайрат Шаймерденов.
Облыс әкімі Асайын Байханов шомылу маусымы кезеңінде судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
– Қазіргі таңда аптап ыстық тұрғаны белігілі. Жағалауда болғанымда моторлы қайық жүргенін көзім шалып қалды, дегенмен жоғарылау жерлерде құтқарушылар жұмыс істей ме? – деп сұрады аймақ басшысы.
ТЖД бастығының орынбасары құтқараушылар шомылу маусымында күшейтілген режимге көшкенін және барлығы күн ара тәулік бойы жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділерінен рейд шараларына белсенді қатысуды, тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.