Павлодарда пәтер иелері ашқан МИБ қалай жұмыс істеуде?
Биыл тұрғын үйлерді басқару заңына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Мақсат Оралбеков 2023 жылы 15 наурызда тұрғын үй заңына өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
Енді заң бойынша тұрғын үйлерді үш түрлі формада басқаруға болады: пәтер саны 16-дан аз үйлерді бірлесіп басқару келісімшарты арқылы, 16-дан 30-ға дейін пәтері бар үйлерді қарапайым серіктестік (ҚС) арқылы, пәтер саны 30-дан жоғары үйлерді мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) арқылы басқаратын болады.
15 наурызға дейін ашылған ҚС-лар басқару формасын ауыстыруы тиіс. Басқарушы компаниялар МИБ төрағасы немесе ҚС сенімді өкілімен келісімшартсыз әрі қарай үйге қызмет көрсетуге құқығы жоқ.
- Егер үй тұрғындары басқарудың жаңа түріне көшпесе, онда тұрғын үй инспекциясы үш коммерциялық ұсыныс арқылы басқарушы компанияны тағайындайды. Яғни, үш компания ұсыныс жасап, біреуі таңдалады. Қалай болғанда да жаңа басқару түріне көшу керек болады, - деді Мақсат Оралбеков.
Павлодар қаласында Ладожская көшесі, 3 және 5 үйлер бірлесіп МИБ құрған. Екі үйде 108 пәтерден бар. 2021 жылы қазан айында ашылған МИБ-ті Руслан Нұғметов басқарады.
- Біз осы уақытқа дейін көп жұмыс атқардық. Бұл жаңа үйлер. Үйдің құжаттарын қабылдап алдық. Үйді күтіп ұстау үшін қызмет көрсететін компанияларды жалдадық. Бізге ең ыңғайлысы МИБ түрі болды. Бүгінде тариф 1 шаршы метрге 40 теңгені құрайды. Мұнда үйге көрсетілетін барлық қызметтер кіреді. Домофон, кіреберістердегі тазалық та осының ішіне кіреді, - деді Руслан Нұғметов.
Руслан Нұғметов «Қазақстан алюминийі» АҚ құрылыс жобаларының жетекшісі болып жұмыс жасайды. Ол МИБ төрағалығын қатар алып жүреді. МИБ-тің негізгі жұмысына бөгет жасамайтынын айтады.
- Егер жұмысыңды дұрыс жоспарлай білсең көп уақыт алмайды. Біз үйлерімізде домофон есіктерін ауыстырдық. Сапалы, замануи құрылғылары барын таңдадық. Құбырларда ақаулар болды. Қызмет көрсететін компаниялар жылдам жөндеп берді, - дейді Руслан Нұғметов.
МИБ төрағасының айтуынша, қалада үйге қызмет көрсету үшін жалдауға болатын компаниялар көп.
Айта кетейік, облыс бойынша барлығы 155 МИБ құрылды. Оның ішінде 50 МИБ Павлодар қаласында ашылды.