Павлодар облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар қалай жүргізілуде?

Павлодар облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар қалай жүргізілуде?
Фото: ӨКҚ

Осы орайда мыңнан астам іс-шара өткізілген, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.

Өңірде ҚР Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы Жарлығында бекітілген ішкі саясаттың негізгі қағидаттары аясындағы жұмыс жүйелі түрде жанданып келеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мәлімдеді.

Оның айтуынша, тұжырымдаманың басты өзегі – азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Заң мен тәртіп» қағидаты.

– Ішкі саясат тұжырымдамасының негізгі міндеті – «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» құндылықтарын нығайту арқылы заң үстемдігі берік орнаған, демократиялық институттары дамыған, азаматтардың конституциялық құқығы қорғалатын Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құру, – деді Айгүл Мәлікова.

Өңірде облыс прокуратурасының үйлестіруімен арнайы жобалық офис құрылып, түрлі мемлекеттік органдарды біріктіретін Желілік жоспар жасақталды. 

– Жыл басынан бері өңірде «Заң және тәртіп» идеологиясын алға жылжыту бағытында мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Олар балалардан бастап ересектерге дейінгі барлық аудиторияны қамтиды. Жыл соңына дейін тағы 300 іс-шара өткізу жоспарлануда, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында салауатты өмір салтын насихаттайтын, соның ішінде жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға арналған 65 іс-шара өткізіліп, 7 500-ден астам адам қамтылған.

«Тура жол» жобасы шеңберінде кеңес беру және ақпараттық сипаттағы 45 кездесу ұйымдастырылып, 7000 адам қатысқан.

Облыстың барлық білім беру мекемелерінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы толық енгізілген.

– Осы бағытта 100 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылып, 350 іс-шара өткізілді. Оның ішінде пікір алаңдары, танымдық сабақтар, патриоттық сағаттар, интеллектуалды байқаулар, сурет алаңдары мен құқықтық дебаттар бар, – деді Айгүл Мәлікова. – Құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалыстары құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуде.

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде 440 профилактикалық және консультативтік рейд ұйымдастырылған.

– Балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін қысқа анимациялық, трендтік мультфильмдер әзірленуде. Жыл қорытындысымен белсенді жастарды, балаларды және мемлекеттік органдарды біріктіретін «Заңмен бірге!» атты жыл сайынғы альянс өткізілмек. Сондай-ақ өңірде құқықтық ағартуға бағытталған «Заңды жол» декадалары ұйымдастырылуы жоспарланып отыр, – деді ол. 

Айгүл Мәлікова «Заң және тәртіп» қағидаты алдағы уақытта да өңірдің негізгі идеологиялық бағыты ретінде қолданылатынын атап өтті.

Тұжырымдаманы іске асыру бойынша жұмыс қазірдің өзінде нәтиже береді. Облыс прокуратурасының мәліметінше, өңірдегі қылмыс деңгейі бес пайызға төмендеген. Бірқатар аудандарда кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар тіркелген жоқ. Заң және тәртіп қағидаттарын ілгерілетуге қалалар мен аудандардағы Аналар кеңесі белсенді қатысады.