Павлодарлық жас жұбайлар некелерін жаңа салтанатты залда тіркейтін болады
Ол толықтай демеушілердің қолдауымен жабдықталған, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облыстық филиалы мен өңірдің бизнес қауымдастығының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Ашылу рәсімінде қала әкімі атынан арнайы сыйлықтар салтанатты залда ең алғаш болып некесін тіркейтін жас жұбайларға табысталады.
Директорының міндетін атқарушы Алтай Қайдаров жаңа нысанның ерекшеліктерін атап өтіп, оның жастар үшін ерекше қолайлы орта екенін айтты.

– Бұл зал жас отбасылар үшін барынша ыңғайлы етіп жасалған. Бірнеше фотозона орнатылды, әр қабырға ұлттық стильде безендірілген. Салтанатты шара алдында дайындалуға арналған бөлме де қарастырылған. Мұнда тек неке қию ғана емес, жаңа туған баланың алғашқы құжаттарын ресми түрде табыстау мүмкіндігі бар. Барлығы отбасы құндылықтарын көтеру үшін жасалған, – деді ол.
Жаңа тіркеу залы Генерал Дүйсенов көшесі, 80 мекенжайында орналасқан.
Азаматтар өздеріне қолайлы күн мен уақытты booking.gov4c.kz платформасы арқылы алдын ала таңдай алады.