Павлодарлық тұрғын: Жолдау менің көзқарасымды қайта қарауға ықпал етті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдау жасап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жолдау аясында цифрландыру, жасанды интеллект, кәсіпкерлікті қолдау және білім саласын дамыту сынды стратегиялық мәселелер қамтылды. Бұл туралы өз ойымен «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағаның орынбасары Ольга Литневская бөлісті.
– Президент Тоқаев көтерген мәселелер – нағыз болашаққа жасалған қадам. Әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық берілуі – Қазақстанның әлемдік даму қарқынынан қалыспайтынын дәлелдейді. Бұл – стратегиялық ойдың айқын көрінісі, – дейді Ольга Литневская.
Оның айтуынша, Жолдауда айтылған «Алатау – болашақтың қаласы» идеясы ерекше әсер қалдырған. Бұл жоба жаңа технологиялармен жабдықталған, интеллектуалды шешімдерге негізделген «ақылды қаланың» үлгісі болмақ.
– Бұл бастама бізді қанаттандырады, жаңа өмір салтына жетелейді. Барлық қазақстандықтар үшін үлгі боларлық қала тұрғызу – үлкен шабыт сыйлайтын мақсат, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Президент Жолдауында кәсіпкерлікке қатысты жаңа міндеттер жүктелді.
– Бизнеске қатысты әкімдіктердің қатаң шараларын жұмсарту, ескертпе негізінде жұмыс істеу – өте дұрыс шешім. Бұл кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Президент бизнеске бет бұрып, экспортты қолдау, импортты өз өнімімізбен алмастыру қажеттігін айтты. Бұл бағыт еліміздің экономикалық тәуелсіздігін күшейтеді, – дейді Ольга Литневская.
Оның пікірінше, Жолдаудағы ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі – білім беру жүйесі.
– Президент қайтарылған активтердің есебінен 100-ден астам жаңа мектептің салынғанын атап өтті. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Өйткені білімді, интеллектуалды жастар ғана Қазақстанды алға жетелейді, – дейді Ольга Литневская. – Бұл Жолдау менің көзқарасымды қайта қарауға ықпал етті. Әрбір қазақстандық үшін ой салып, болашақ туралы терең толғануға себеп болды. Президенттің жолдауы – тек ағымдағы жағдайды емес, 20-30 жыл алдағы дамуды да айқындайтын жолдау.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды.