Павлодар облысында жаңа құтқарушылар қызметтік ант қабылдады

Павлодар облысында жаңа құтқарушылар қызметтік ант қабылдады
Фото: ТЖД

Павлодар облысындағы құтқарушылар аллеясында төтенше жағдайлар департаментінің жаңа қызметкерлері салтанатты түрде ант берді. Осылайша, өңірдің құтқарушылар қатары 20 жас маманмен толықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңадан қабылданған қызметкерлердің басым бөлігі өрт сөндіру бөлімшелерінде еңбек ететін болады. Енді олардың алдында адам өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың салдарын жою және қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу міндеті тұр.

Салтанатты рәсімде Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рүстембек Амрин жас мамандарды құтқарушылар қатарына қосылуымен құттықтады. Ол қызметтік борышқа адалдық танытып, батылдық пен жауапкершілікті басты ұстаным ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жас қызметкерлерге кез келген жағдайда халыққа көмек көрсетуге дайын болуды тіледі.

Іс-шара барысында азаматтық қорғау саласының ардагері Алдаберген Қарабалин де жас әріптестеріне ақыл-кеңесін берді. Ол өз сөзінде ұрпақтар сабақтастығының, таңдаған мамандыққа адалдықтың және құтқарушы қызметінің жауапкершілігі жоғары екенін еске салды.

Қызметтік ант қабылдау – жас мамандардың кәсіби жолындағы маңызды белес. Енді олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және қандай қиындық болса да өз міндеттерін абыроймен орындауға күш салмақ.

Құтқарушы мамандығы батылдықты, төзімділікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ал ант қабылдаған 20 жас маман үшін бұл күн халыққа қызмет ету жолындағы жаңа кезеңнің бастауы болды.