Павлодарда Абайдың өмір жолының түрлі қырларын бейнелейтін көрме паш етілді

Павлодарда Абайдың өмір жолының түрлі қырларын бейнелейтін көрме паш етілді
Фото: автор

«Абай - мәңгі поэзия» бояу вернисажында ақын поэзиясының мәңгілік құндылығы дәріптелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, ағартушы-демократ, ойшыл-философ, ұлтымыздың рухани мақтанышы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған поэзия кешінде өлең оқылып қана қоймай, Абайдың әндері де шырқалды. Кешке Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 5512 әскери бөлімінің сарбаздары, полиция қызметкерлері, ақындар, кітапхана оқырмандары және өнер сүйер қауым қатысты.

Кеш қонақтарының бірі – 5512 әскери бөлімінің сарбазы Нұрислам Жомартұлы. Ол Абайдың «Бойы бұлғаң» өлеңін орындап, бұл шарадан алған әсерімен бөлісті:

– Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойына арналған бұл кештен көп жаңа мағлұмат алдық. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып, Абай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетсе екен, – деді сарбаз.

Кеш барысында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Әсел Ботаева да сахнаға шығып, Абай әндерін орындады. 

– Абайдың мол мұрасы, өсиеті мен нақыл сөздері ешқашан ұмытылмасын. Осындай мағыналы іс-шаралар жастардың рухани байлығын арттырады, – деді ол.

Вернисаж қонақтары Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет саласының ардагері Тұрар Төлеев Абайға арналған туындыларымен танысты. Суретші 180 жылдық мерейтойға арнап сегіз жұмыс жазғанын айтты. Оның ішінде «Хакім Абай», «Қилы заман», «Абайдың құдығы» және «Барымта» сияқты картиналары бар.

– Бұл шығармалар Абайдың өмір жолы мен заманының түрлі қырларын бейнелейді. Көрмеге келген жастардың дайындықтары мен орындаулары көңілімнен шықты, – деді Тұрар Төлеев.

Кеш қонақтары Абайдың поэзиясы мен философиялық мұрасының қазіргі қоғам үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Өлең мен сурет өнерін тоғыстырған бұл вернисаж көрермендерге ерекше әсер қалдырды.