Павлодар жолдарында камералар орташа жылдамдықты тіркеуді бастады
Жылдамдықты асырғандар қомақты айыппұл арқалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, бүгіннен бастап жол қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған заң күшіне енді. Жаңашылдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдармен жүретін барлық жүргізушілерге қатысты.
Бұл өзгерістердің негізгі мәні – түзу сызықты учаскелерде «орташа жылдамдықты» автоматты тіркеу жүйелері арқылы есептеп, оны асып кеткендерге жауапкершілік жүктеу болып табылады.
– «Орташа жылдамдық» көлік жүріп өткен қашықтықты сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы анықталады. Жылдамдықты асыруға байланысты айыппұл көлемі 5-тен 40 АЕК-ке дейін болуы мүмкін. Әр түрлі жол учаскелерінде «орташа жылдамдық» әр түрлі есептеледі, себебі жүйе әр автокөлікті автоматты түрде бақылайды. Бұл жаңашылдық статистикалық талдаулар негізінде енгізілді. Себебі қала маңындағы трассаларда әрбір үшінші адам жылдамдық режимінің сақталмауынан көз жұмады, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтап, бір-біріне құрметпен қарауға шақырды.