Павлодар облысында жыныстық жолмен таралатын аурулар азайған
@Pavlodarnews.kz тілшісі 2023 пен 2024 жылдардың статистикалық мәліметтерін салыстырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың 12 айында 364 жыныстық жолмен берілетін инфекция тіркелген. 2023 жылдың осы кезеңінде 490 жағдай тіркелген болатын. Бұл аурулардың таралуы 26 пайызға төмендегенін көрсетеді.
Былтыр 364 жағдайдың ішінен ең көп көрсеткіштің үлесін гонорея алады – 120 жағдай. Гонококк бактерия несеп-жыныс жүйесінің шырышты қабаттарына әсер етеді. Инфекция ауыздың, жұтқыншақтың, мұрынның және тік ішектің шырышты қабаттарына да әсер етуі мүмкін.
Жұқпалы созылмалы ауру – сифилистің 96 жағдайы, хламидиоздың 75 жағдайы тіркелді.
– Соңғы уақытта адамдарда жыныстық инфекцияның бірнеше түрі анықталуда. Көбінесе гонококк инфекциясы (гонорея) және хламидиоз, трихомониаз диагнозы қойылады. Бұл олардың жоғары жұқпалылығымен және микроорганизмдердің патогистологиялық ерекшеліктерімен байланысты, – деді Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың дерматовенерологиялық орталығының меңгерушісі Гүлнар Бейсекенова.
Оның сөзінше, кездейсоқ, қорғалмаған, ретсіз жыныстық қатынас, ақпараттың жеткіліксіздігі жыныстық аурулардың пайда болуына әкеліп соғады.
– Көптеген адамдар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістері туралы білмейді. Одан науқастар дұрыс ем алмай, өздігінен емделе бастайды.
Гонорея мен сифилис диагноздары 20-40 жас аралығындағы адамдарда жиі қойылады. Репродуктивті жастағы адамдар (20-30 жас) белсенді жыныстық өмірге байланысты аурулар бойынша осал топқа кіреді. Егде жастағы адамдарда жыныстық аурулар сирек кездеседі, бірақ жыныстық қатынасқа түсетін адамдарда қауіп сақталады.