Павлодарда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бірегей үшем дүниеге келді

Павлодарда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бірегей үшем дүниеге келді
Фото: автор

Бір ғана эмбрионның биологиялық бөлінуінің нәтижесінде Аян, Әли және Иса есімді үш ұл бала дүниеге келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық перинаталдық орталығында медициналық практикада сирек кездесетін оқиға тіркелді: 33 жастағы Мадина Қазенова «Аңсаған сәби» мемлекеттік ЭКО бағдарламасы аясында салынған бір ғана эмбрионнан үшем босанды. Биологиялық бөліну нәтижесінде Аян, Әли және Иса есімді үш ұл бала дүниеге келді.

Үшем жүктіліктің 35-аптасында кесар тілігі операциясы арқылы өмірге келді. Мамандардың айтуынша, бір эмбрионның бөлініп, үшемге айналуы тек Қазақстанда емес, әлемдік репродуктологияда да өте сирек кездесетін бірегей жағдай.

- Тегін мемлекеттік квота бойынша бірінші мүмкіндіктен-ақ жүктілік сәтті өтті. Балалардың жүрек соғысын тексеруге арналған алғашқы УЗИ-де маған үшем екенін айтты. Мен тіпті дәрігерге «бұл қалжың ба?» дедім. Бірақ экранды бұрып көрсеткенде таңғалдым. Бір эмбрион өзі бөлінген. Мұны тіпті мені қараған репродуктолог дәрігерлер де өз тәжірибесінде бірінші рет көріп тұрғанын айтты, — деді сәбилердің анасы Мадина Қазенова.

Ана мен жаңа туған нәрестелерді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова арнайы құттықтады. Ол отбасына зор денсаулық тілеп, арнайы балалар арбасына сертификат табыс етті.

Қазіргі уақытта анасы мен балалардың жағдайы тұрақты. Салмағы 2,5 келі және 2,4 келі болатын екі ұл анасының қасында. Ал салмағы 1,4 келі болып туған үшінші нәресте жоғары тәуелділік палатасында дәрігерлердің бақылауында. Ол өздігінен тыныс алып, салмақ қосып жатыр.

- Нәрестелер 35 апталық мерзімде дүниеге келді. Бұл мерзімді біз мерзіміне дерлік жеткен деп атаймыз. Үшінші эмбрион сәл кейінірек бөлінгендіктен, салмағы азырақ. Қазіргі таңда сәбилердің жағдайы тұрақты, өз бетінше тыныс алуда және біртіндеп салмақ қосып келеді, — деп атап өтті перинаталдық орталықтың неонаталдық қызмет жетекшісі Жанылай Қапанова.

Перинаталдық орталық шала туған сәбилерді күтіп-баптауға арналған ӨЖЕЛ (ИВЛ) аппараттарымен және заманауи реанимациялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынған бес жыл ішінде Павлодар облысында 464 бала дүниеге келді (2021 жылы – 97, 2022 жылы – 81, 2023 жылы – 94, 2024 жылы – 101, 2025 жылы – 91 бала). 2026 жылдың тамыз айына дейін облысқа бөлінген 250 квотаның 173-і бойынша ерлі-зайыптылар ЭКО орталықтарына жолдама алды. Ал биылғы жылдың  жеті айында облыстық перинаталдық орталықта 3 000-ға жуық сәби өмірге келген.