Павлодар облысында жол апатынан жүргізуші қаза тапты

Павлодар облысында жол апатынан жүргізуші қаза тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Зардап шеккен отбасыларға миллиондаған моральдық шығын өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық №2 соты алкогольдік масаң күйде жол жүру қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне және ауыр дене жарақатын келтіруге себеп болған Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Соттың мәліметінше, 2024 жылдың шілде айында түнде Н. жеңіл дәрежедегі масаң күйде «Lexus LX 570» автокөлігін жүргізіп келе жатып, «Павлодар-Семей» тас жолында, Байдалы ауылына жақын маңда рөлге ие бола алмай, жол жүру қағидаларын өрескел бұзып, сол бағытта келе жатқан «Волга» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Волга» автокөлігі кюветке аударылып, жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты, ал жолаушысы ауыр жарақат алды.

Сот сотталушының шын жүректен өкінгенін, үш баласының бар екенін, алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын және келтірілген зиянды ішінара өтегенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар болмағандықтан, Н.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 10 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Жәбірленушілердің пайдасына 17 миллион теңгеден астам материалдық және моральдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.