Павлодар облысында жолда қалған Қырғызстан азаматтары құтқарылды

Павлодар облысында жолда қалған Қырғызстан азаматтары құтқарылды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Жолаушылардың көлігі Спутник ауылының маңында істен шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Павлодар – Қызылорда тас жолында көктайғақ пен қатты аяз салдарынан жолда қалған жолаушыларға көмектесті. 

Қырғыз Республикасының азаматтары Астанадан көрші елге кетіп бара жатқан. 

– Ағам Ислам екеуміз Қырғызстаннан шығып, Ресейге бет алдық. Жол бойында минус 30 градус аяздан құбыр жарылды. Сағат түнгі екі жарым еді. Жақын жерде ешкім болмады, өтіп бара жатқан көліктер тоқтамады. Көлікті өздігімізден істей алмадық, өйткені оңдайтын құралдар болған жоқ. Сол сәтте трассаны күзетіп жүрген Бағадат пен Тілеген есімді полиция қызметкерлері келді, – дейді жүргізуші Абдушүкір Ибрагимов. 

Тәртіп сақшылары оларға ойланбастан  көмек ұсынып, Атамекен кентінің жылыту пунктіне жеткізген және өздері автокөлікті жөндеуге кіріскен. 

– Көшеде қатты аяз болды, қар жауып, қатты жел соғып тұрды. Соған қарамастан, полицейлер бізге қиын жағдайда көмектесті. Егер олар болмаса, не болуы мүмкін екенін елестетудің өзі қорқынышты. Осындай қиын сәтте көмекке  келген полицейлерге мың алғыс, – деп ер адам ризашылығын білдірді. 

Жолаушыларға көмек көрсеткен – облыстық полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері, аға инспектор, полиция капитаны Бағадат Сауытов және инспектор, полиция капитаны Тілеген Сыздықов.

Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарына қолайсыз ауа райында жолға шықпауға, сондай-ақ автокөлікте көлік құралына қажетті барлық құралдарды алып жүруге кеңес береді.