Павлодарда жылу тарифтері өзгере ме?

@Pavlodarnews.kz тілшісі инвестициялар, өзгерістер және алдағы жоспарлар туралы сұрастырып білді.
Облыс орталығында жылумен жабдықтау саласында тариф саясаты мен инвестициялық бағдарламаларға қатысты маңызды өзгерістер орын алуда. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов пен «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері мәлімдеді.
Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, өткен жылы кәсіпорын осы бағдарлама аясында шамамен төрт миллиард теңге инвестиция тартып, барлық жоспарланған жұмыстарды толық орындаған.
– Біз тарифті көтеруге рұқсат берген кезде негізгі шарттардың бірі – инвестициялық міндеттемелерді толық орындау болатын. Өткен жылы компания жоспарланған барлық жобаларды іске асырды, – деді ол.
2025 жылы қосымша инвестициялар қарастырылған жоқ. Себебі шілде айынан бастап Павлодардағы жылумен жабдықтау құрылымында елеулі өзгерістер болды. Бұл – алдағы жоспарларға да әсер ететін фактор.
Қолданыстағы бесжылдық тариф биыл аяқталады. Кәсіпорын келесі бес жылға арналған жаңа тариф бойынша өтінім берді. Ол инвестициялық бағдарламалар шеңберінде капиталдық салымдарды қамтитын болады.
– Қазір бұл өтінім қаралуда. Қорытынды шешім жыл соңына дейін қабылданады, – деді департамент басшысы.
Салада ұлттық жоба іске қосу жоспарда бар. Қазір оның нормативтік-құқықтық актілері Әділет министрлігінде қаралуда.
– Бұл құжаттар бекітілсе, біз қосымша қаржы тартып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра аламыз, – деді ол.
Нұрлан Нұрмұратовтың сөзінше, жаңа бесжылдық тариф пен ұлттық жоба шеңберінде инвестициялардың көлеміне қарай жылу тарифтерінің өзгеруі мүмкін.
– Әзірге нақты пайыздық өсім туралы айту ерте. Барлығы бекітілетін инвестициялық бағдарламаның ауқымына байланысты болады, – деп нақтылады спикер.
Қаржыландыру алу үшін екі кезеңнен өту қажет: техникалық және қаржылық сараптама. Екі оператордан да оң қорытынды алынған жағдайда ғана қаражат бөлінеді.
Айта кетейік, 2024 жылдың басында тариф қосымша инвестициялық бағдарламаларды алып тастау есебінен 15,7 пайызға төмендеді.
Биыл тариф төтенше реттеу шаралары аясында қайта қаралды.
– Бұған бірнеше фактор әсер етті: жалақының өсуі, электр энергиясының қымбаттауы, «Богатырь» кенішіндегі көмір бағасының тоннасына 1 200 теңгеге көтерілуі, – деп түсіндірді ол.
Дегенмен, қазіргі тариф 2023 жылғы деңгейге әлі жеткен жоқ – шамамен 10 теңгеге төмен.