Павлодар облысында қайтарымсыз гранттар көбінесе көпбалалы отбасыларға берілді

Павлодар облысында қайтарымсыз гранттар көбінесе көпбалалы отбасыларға берілді
Фото: Константин Шелков

Биыл кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу бойынша бөлінген гранттар мақсатсыз пайдалана бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова  мәлім етті. 

– Қайтарымсыз гранттар көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда күрт төмендеді. Аталмыш гранттардың мақсатсыз пайдалану себебінен биыл 443 грант қана бөлінді, – дейді басқарма басшысы.  

Оның айтуынша, мақсатсыз пайдаланған гранттар сотқа жіберіліп, іс ретінде қарастырылады. Кейін сот шешімі арқылы қаражат кері бюджетке қайтарылады. Міндетті түрде арнайы тексерістен өтеді. 

Алдымен грант алған адам 90 күннің ішінде онлайн жеке кабинетінде грантты мақсатты пайдаланғаны үшін құжаттарды тіркеу керек. Құжаттарды уақтылы тіркемеген жағдайда мақсатсыз пайдалану деп есептеледі. Мансап орталығының қызметкерлері гранттарды арнайы тексерістен өткізіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 

Сонымен қатар, 2023 жылы қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарға берілген болатын. 

Ағымдағы жылдың 17 шілдесіне бірінші лек бойынша 193 адам грант алған. Бүгінде кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу бойынша гранттардың көбі өткен жылдың статистикасына сәйкес көпбалалы отбасылар алған.  

Айта кетейік, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін 400 АЕК (1476800 теңге) мөлшерінде 443 грант және жастар үшін жылдық 2,5%-бен, 5 млн теңгеге дейін 164 жеңілдікті шағын несие беру көзделген. Сондай-ақ, екінші ағын бойынша өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 15 шілдесі мен 31 шілдесі аралығында басталды.

Қазіргі таңда мансап орталығындағы нақты тіркеуде 12487 жұмыссыз азамат тіркелген. 5158 адам жұмыссыз ретінде жәрдемақы алады.