Ертіс ауданында тазалыққа немқұрайлы қарағандарға шара қолданылуда
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауылда тұрақты рейдтер өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында полицейлер әкімдікпен бірлесіп, ауылдарда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тұрақты рейдтер өткізуде.
Мәселен, ауыл тұрғыны кесілген ағаш бұтақтарын өз үйінің қоршауының сыртына жинап қойған. Осылайша ол бақша қалдықтарынан қоғамдық аумақ есебінен құтылмақ болған. Ортақ пайдаланудағы аумақты қоқыспен толтыруды полицейлер абаттандыру қағидаларын бұзу ретінде бағалады.
— Ауылдың тазалығы — тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Азаматтарды шөп, бұтақ және құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерлерге төгіп, бейберекет қоқыс орындарын ұйымдастырмауға шақырамыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана үйлеріміз бен көшелеріміздің көркін сақтай аламыз, — деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Төлеген Алпысбаев.
Жыл басынан бері көшелер мен аулалардың тазалығына салғырт қарағаны үшін Ертіс ауданының 135 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.