Екібастұзда түрлі салада еңбек етіп жүрген өнегелі отбасылар өнер көрсетті

Олар өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының қалалық кезеңі өтті. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен шара кәсібіне адал, бірлігі мен тірлігі жарасқан еңбек отбасыларын ұлықтауға арналды.
Байқауға қаланың түрлі салада еңбек етіп жүрген өнегелі отбасылары қатысты. Олар өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігі, еңбек жолы, құндылықтары мен жанұялық дәстүрлері жайлы баяндап, шағын шығармашылық нөмірлерін ұсынды.
– Саматаевтар отбасының отанасы «Родина» әнін орындады. Охановтар отбасының атынан өнер көрсеткен Әлихан кавказ биімен көпшілікті тәнті етті. Сухановтар отбасының балалары акробатикалық биімен ерекшеленді, – деді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, «Богатырь Көмірде» 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан Тұрсынбаевтар әулеті музыкалық нөмірімен көрерменнің қошеметіне бөленді.
Кеш барысында көрермен назарына «Мұрагер» тобының музыкалық нөмірі мен «Нұр шашу» хореографиялық ансамблінің мың бұралған биі ұсынылды. Сонымен қатар, әнші Алмас Еділбаев орындаған «Ақ босаға» әні кешті әдемі түйіндеді.
Байқау қорытындысында бас жүлдені Тұрсынбаевтар отбасы жеңіп алып, 80 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. І орынды Саматаевтар отбасы иеленіп, 60 мың теңге алды. Екі отбасыға облыстық байқауға жолдама берілді.
ІІ орынға ие болған Сухановтар әулеті 40 мың теңге, ал, ІІІ орын еншілеген ақ халатты абзал жандар әулеті – Охановтарға 20 мың теңге табысталды.