Павлодар облысында құтырмаға қарсы жабайы жануарларға капсулалар шашылады
Олар орман шаруашылықтарында жем ретінде шашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде жануарлар арасында құтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Құтыру ауруының расталған зертханалық жағдайлары тіркелмеген.
– Құтыру – үй және жыртқыш жануарларынан – түлкі, қарсақтардан келетін ауру, өте қауіпті аурулардың бірі. Егер адам құтырмамен ауыратын болса, қайғылы жағдайға дейін ұшыратуы мүмкін, яғни емі жоқ,– деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев.
Оның сөзінше, былтырдан бастап ветеринария басқармасы құтыруға қарсы іс-шаралар қолдануға шешім қабылдады.
– Орман шаруашылықтарына және жапан далаларға брикет тастау арқылы жабайы жануарларға де профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 20 мың брикетті тастау жоспарланған. Олар 12 ауданға бөлініп берілді. Капсуланың ішінде дәрі болады. Ауа райы -5 градусқа дейін түскен кезде шашылады. Жануарлар оларды қорек ретінде санап, жұтып қояды, – деді Асылтас Тілеубаев.
Айта кетейік, облыс бойынша медициналық ұйымдардың травматологиялық пункттеріне жануарлардың тістеуінен құтырмаға қарсы екпе алу үшін 1713 адам жүгінді. Оның ішінде тоғыз адамды түлкілер, қорсақтар, жылқылар, 23 адамды ірі қара мал және 37 адам басқа жануарлар тістеген. Медициналық көмекке жүгінгендердің барлығына алғашқы антирабиялық көмек көрсетілді және құтырмаға қарсы екпелер тағайындалды.