Әр тасты көтердік: Торайғырдың 150 гектар жерінде қарақұрттардың көзі жойылды
Залалсыздандыру жұмыстарына аудандық бюджеттің резерв қаражатынан екі миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
6 тамызда Баянауыл ауданында қарақұрттардың пайда болуына байланысты төтенше жағдай енгізілген болатын. Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, төтенше жағдайлар комиссияның отырысынан кейін «DEZUS-PVL» ЖШС компаниясымен келісімшарт жасалып, Торайғыр ауылдық округінің 150 гектар жері залалсыздандырылды. Бұл мақсатта аудандық қаражат резервінен 1 миллион 800 миллион теңге жұмсалды.
– Бүгінгі күні қарақұрттардың бары байқалмайды. Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Ол ерекше қорғалатын аймақ болғандықтан, ұлттық парк қызметкерлері әр тасты көтеріп, аударып, қарақұрттарды қолмен жинады. Алайда жүз пайыз оны жойып тастау деген мүмкіншілік жоқ,– деді Ардақ Кісентаев.
Оның сөзінше, қарақұрттарды жою жұмыстарын жалғастыру үшін 2025 жылға аудандық бюджетке қаражатты қарастырып, қыс кезінде мердігерді анықтауға конкурстық рәсімдер өткізу жоспарлануда. Яғни, улы жәндіктерден аумақты өңдеу сәуірде басталады деп көзделуде.
– 2023 жылға дейін қарақұрттар байқалмаған. Былтыр ұлттық табиғи паркі аумағында Торайғыр көлінің күншығыс жағында қарақұрт пайда болғаны анықталды. Бірақ ол жерде қарақұрттар Торайғыр ауылдық аймағына таралмаған, – деді Ардақ Кісентаев. – Қарақұрттар таулы жерде орналасқандықтан, адамдарға сол аймаққа жету қиын.
Улы жәндіктердің жұмыртқаларын анықтау мен жою жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Мамандар Торайғырдың ауылдық аймағын тексеріп, зерттеуде.