Павлодарлықтар тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға қалай көмектеседі?

Павлодарлықтар тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға қалай көмектеседі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері қабылдау-тарату орнына осындай мыңнан астам адам жеткізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың ең көп баратын жері жылу трассалары, құдықтар, подъездер мен вокзал маңы. Павлодарлық полицейлер аталмыш орындарды аралап, үйсіз-күйсіз жүргендерді тексеріп, көмек беруді күнделікті дағдыға айналдырған.Мобильді топтың міндеті — қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік және медициналық көмек көрсету.

Павлодар қаласы полиция басқармасының  қабылдау-тарату орнының бастығы Ербол Мұсалиннің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері мекеме арқылы 1081 адам өткен. Олардың 130-ы жан-жақты тексеру үшін қабылдау орнына орналастырылған.

— Орталыққа жеткізілген әрбір адамды суретке түсіріп, саусақ іздерін аламыз. Бұл жеке басын анықтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатыстылығын тексеру, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендер тізімі бойынша іздеу үшін қажет. Егер 48 сағат ішінде жеке басын анықтау мүмкін болмаса, материалдар сотқа жолданады. Сот санкциясы бойынша мұндай азаматтардың бостандығы 30 тәулікке дейін шектелуі мүмкін, — деп түсіндірді офицер.

Полиция жұмысы - тек бақылау ғана емес, сонымен қатар нақты қолдау көрсету. Мұқтаж адамдар медициналық мекемелерге немесе бейімдеу және оңалту орталығына жіберіледі. Осындай кешенді тәсіл қаладағы санитарлық тәртіпті сақтауға және қылмыс деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарына тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың жиналған жерін байқаса, бірден 51-58-51 (қабылдау-тарату орны) нөміріне немесе «102» арнасына хабарласуды сұрайды.