Павлодар облысында үш мектеп ашқан педагогтың мерейтойы тойланды

Ол өмірін ұстаздыққа арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу қаласында еңбек сіңірген педагог, қаланың Құрметті азаматы, «AMANAT» партиясының ардагері Рымкеш Сламбекованың 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
Мерейтой иесін Павлодар облыстық мәслихатының «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттары Асылбек Туғанбай мен Света Абдраманова құттықтады. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында олар ұстазға көпжылдық еңбегі, мамандығына адалдығы және ұлттық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Рымкеш Сламбекқызы өмірін білім беру ісіне арнады. Ол үш мектеп ашып, 30 жылдан астам уақыт мектеп директоры қызметін атқарды, қазақ тілін оқу үдерісіне белсенді енгізіп, отансүйгіш жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен еңбек сіңірді. Оның еңбегі мемлекеттік тілдің білім беру саласындағы рөлін нығайтуға елеулі үлес қосты.
Шығармашылық кеш – өңір мен елдің дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғаға деген құрмет пен ризашылықтың айқын көрінісі болды.
Білім саласындағы жетістіктері үшін ол «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» белгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Конституцияға - 10 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл» мерекелік медалдерінің иегері, «Өзінтану» және «Үш тілде оқыту» оқыту эксперименттерін енгізудегі республикалық «Бөбек» орталығы мен облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарының иегері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы.
Еске сала кетейік, былтыр Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияда оның алғашқы директоры – Рымкеш Сламбекованың құрметіне арнайы оқу кабинеті ашылды.