«Халық қатысатын бюджет»: Павлодар тұрғындары белсенді емес
Жылына бағдарламаға қатысуға небәрі 5-9 жоба түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен конференцияда Павлодар қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қанат Қапуов мәлім етті.
Павлодар қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру 2020 жылы басталды. 2020-2023 жылдар кезеңінде аталмыш жоба бойынша барлығы 314 жоба іріктелді.
– Бүгінгі таңда оның ішінде 161 жоба іске асырылды. Биылғы жылы бізде 80-ге жуық ойын алаңын орнату жоспарланған. Балалар алаңдарын орнату кезінде үй аумақтарын асфальттау, стритбол алаңдарын, шағын футбол алаңдарын, көше тренажерларын, стрит-воркауттар мен шахмат үстелдерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биылғы жылы сегіз шағын скверді абаттандыру жоспарлануда, – деді Қанат Қапуов.
Бөлім басшысы, ең көп қаржы бөлінген жоба 2022 жылы жүзеге асырылғанын атап өтті. Тұрғындардан тек ойын алаңдарын ауыстыру туралы ұсыныс түскенмен, депутаттар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар кеңесі тұрғындарға толық жабдықтауды ұсынған.
– Ол кезде жобаның сомасы шамамен 33 миллион болды. 2023 жылы бағдарлама шарттарына өзгерістер енгізілді. Максималды бюджет 15 мың АЕК, бұл 55-56 миллион теңге болып тағайындалды. Бірақ көптеген жобаларда өтінімді тік бір нәрсе, мысалы тек ойын алаңы жасау үшін береді. Тексеру кезінде ол жерге асфальт төсеу керек екенін немесе тұрақ пен қосымша жарықтандыру қажет екені белгілі болады. Сондықтан кешенді абаттандыру туралы шешім қабылданды.
Жылына бағдарламаға қатысуға небәрі бес-тоғыз жоба түседі. Мысалы, биыл алты жоба ғана түскен. Жоба ұсынушылардың көбі үлкен кісілер. Спикер, шарт бойынша 50 дауыс керек және оны электронды түрде беруге болатынын айтып, қала тұрғындарын белсенді болуға шақырады.
Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына жобалардың 50-60 пайызы балалар ойын және футбол алаңдарын салу бойынша түседі.