Екібастұз әкімі жолдардың жөнделуін тексерді
Ауылдарға апаратын жолдар уақытылы аяқталуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекиннің мәліметінше, қала басшысы әріптестерімен ұзындығы 41,8 шақырым «МАЭС 1 – Басқамыс» учаскесін қайта жаңарту барысын тексерді.
– Жобаның құны – 2,1 миллиард теңге. Қазіргі уақытта іргетастың төменгі қабатын орнату аяқталды, сонымен қатар жол жиектерін тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерге жұмыс қарқынын арттырып, жоспарланған көлемдерді қазан айына дейін аяқтауды тапсырдым. Сондай-ақ биыл 577 миллион теңгеге 15 шақырым жол жамылғысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан «МАЭС 2 – Сарықамыс» учаскесін де тексердім. Қазіргі уақытта мердігер іргетастың төменгі қабатын төсеу, тегістеу, жол жиегін тегістеу жұмыстарын аяқтады. Мердігерге барлық жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтауды тапсырдым, – деді Аян Бейсекин өзінің «Instagram» парақшасында.
Сонымен қатар, Зеленая роща, Құлакөл және Бозшакөл ауылдарына кіреберіс жол жобалары аяқталу сатысында.
Қала әкімі бұл жобаларды жүзеге асыру ел Үкіметі мен облыс әкімінің қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Жобалардың өңір экономикасы үшін маңызы зор. Ауыл тұрғындары үшін қолайлы қозғалыспен қатар, облысымыздың көршілес аудандарымен ауданаралық ынтымақтастық айтарлықтай артады.