Павлодар ауданында климаттық бақылауы бар көкөніс қоймаларының санын арттыру жоспарлануда

Павлодар ауданында климаттық бақылауы бар көкөніс қоймаларының санын арттыру жоспарлануда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазіргі таңда мұндай мамандандырылған қоймалардың саны 80-нен асады, ал олардың жалпы сыйымдылығы 140 мың тоннадан жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталған қоймалардың жартысы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл туралы аудан әкімінің инвестициялар және ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Хамза Оразбеков мәлімдеді.

– Келесі жылы Мичурино ауылында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тағы екі көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр. Оның бірі – «Agrozher 2017» ЖШС-нің бес мың тоннаға арналған қоймасы, екіншісі – «Асхат» шаруа қожалығының 10 мың тонна сыйымдылықтағы қоймасы. Бұл нысандар кондиционерлеу және климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталып, көкөністердің ұзақ уақыт бойы балғын күйінде сақталуына мүмкіндік береді, – деді Хамза Оразбеков.

Биыл аудан аграрийлері 50 мың тоннадан астам көкөніс – сәбіз, қызылша, пияз, сондай-ақ шамамен 100 мың тонна картоп жинады.

Айта кетейік, ауданда суармалы жерлердің көлемін 1500 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. 2025 жылы ауыл шаруашылығы айналымына 900 гектардан астам суармалы жер енгізілді. Ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 20 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.