Павлодарда 70-тен астам тұрғын үй ыстық сусыз отыр

Павлодарда 70-тен астам тұрғын үй ыстық сусыз отыр
Фото: Константин Шелков

Жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары үш бағытта жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, қаланың жылыту маусымына дайындығы жөндеу жұмыстары аяқталған соң белгілі болады. 

– Жөндеу жұмыстары 3 бағытта жүргізілуде. Біріншісі – жылу-электр орталығын жөндеу, екіншісі – жылу желілерін жөндеу жұмыстары, үшіншісі – үйлерді маусымға дайындау жұмыстары, – дейді Ержан Салханов.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс әкімінің бұйрығымен гидравликалық, температуралық  тексерістер барысында пайда болған 400-ден астам ақау жойылғанын атап өтті. 

Бүгінгі таңда қаламызда 71 үйдің тұрғындары ыстық сусыз отыр. Оңалту жұмыстары жалғасуда, жұмыстардың бір бөлігі қыркүйек айында, екінші жартысы қазан айында аяқталады. 

– Алайда бұл жұмыстар жылыту маусымына ешқандай зиян келтірмейді, – деп сендірді Ержан Салханов. – Жылу желілері бойынша – гидравликалық, температуралық  жұмыстар өткізілді. Тексеріс барысында 433 ақау табылды. Облыс әкімі ақауларды жоюды бұйырған еді. Қазіргі уақытта ақаулар жойылды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Ернұр Әйткенов Павлодар қаласында  №2 және №3 жылу-электр орталықтарын  аралап, бақылап шықты. Ернұр Әйткенов Павлодар қаласы мен  өңірдің басқа қалаларында да жылыту және ыстық су бойынша еш қиындық болмайды деп сендірді. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде және  қажетті материалдармен қамтамасыз етілген.