Павлодар облысының екі оқушысы республикалық байқауда үздік атанды
Олар «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумының қорытындысы бойынша екі аталымда бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 180-нен астам оқушы жиналған.
Балалар форумда 4 аталым бойынша бақ сынады. Яғни «Мен мамандықты таңдаймын»; «Болашақтың мамандығы....»; «Менің кәсібім - менің бизнесім»; «Мамандық тұлғасы».
- Форумның мақсаты - еңбек нарығында, Қазақстанның болашақ экономикасында сұранысқа ие болашақ мамандықты табысты таңдау үшін оқушылардың кәсіптерді зерделеуге шығармашылық көзқарасын жандандыру, оқушылар мен педагогтарды бірлескен маңызды кәсіби қызметке тарту болып табылады, - делінген хабарламада.
Республикалық форумның қорытындысы бойынша Аққулы ауданы Б.Уахатов атындағы ЖОМ оқушысы Тоғжан Елубай «Мен мамандықты таңдаймын» аталымында топ жарса, Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған № 8 лицей- мектебінің оқушысы Дарья Секара «Менің кәсібім - менің бизнесім» аталымында дараланды.
Осылайша, павлодарлық қос ару республикалық байқауда екі 1-орынды қанжығалады.