ҰБТ-да рекорд танытқан павлодарлықтың әкесі баласының жоспарларымен бөлісті

ҰБТ-да рекорд танытқан павлодарлықтың әкесі баласының жоспарларымен бөлісті
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Әсет Бейсенбаев ұлының жоспарларымен де бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының №7 орта мектебінің түлегі және «Үздік аттестат» төсбелгісінің иегері Альтаир Әсет ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинап, елдегі ең жақсы нәтижелердің біріне қол жеткізді. Оның әкесі Әсет Бейсенбаев ұлының мұндай табысқа жетуіне не себеп болғанымен бөлісті.

- Баламның қаншама күні-түні дайындалып, мақсатына жеткенін көргенде жүрегімді қуаныш сезімімен қатар мақтаныш сезімі де кернеді, – деді Әсет Бейсенбаев.

Оның айтуынша, жоғары нәтиженің басты себебі – жүйелі еңбек пен мақсатқа деген адалдық.

- Тоқсан тоғыз пайыз еңбек, бір емес бірнеше пайыз дарын, арман-мақсат және соған жету үшін жасалатын әрекет деп ойлаймын, – деді ол.

Әзірге талапкердің нақты қай жоғары оқу орнына түсетіні белгісіз.

- Бұйырса, оны түскен кезде көреміз, – деп жауап берді әкесі.

Сонымен қатар ол ұлының білімін Қазақстанда жалғастыратынын айтты.

- Еліміздің кез келген жоғары оқу орнының білімі мен біліктілігі сапалы болғандықтан өз елімізде оқуды жалғастырады, – деді Асет Бейсенбаев.

Талапкерлер мен олардың ата-аналарына кеңес берген ол жетістікке жетуде отбасы мен ұстаздардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

- Әрбір мықты шәкірттің артында мықты ата-ана, ұстаз, орта тұрады. Бала қайсысын өзіне жақын тартып, үлгі тұтады, жақсысын да, жаманын да содан алады. Сондықтан үлгі боларлықтай ата-ана, ұстаз, дос бола білейік, – деді ол.

Еске сала кетейік, павлодарлық түлек ҰБТ-да 140 балл жинап, биылғы тестілеудің ең жоғары нәтижесін көрсетті.

2024–2025 оқу жылында ол қалалық және облыстық «Абай оқулары» байқауларында жүлделі орындарға ие болды, ал жазда облыстық республикалық деңгейде бірінші орын алды.

Оқушы интеллектуалдық жарыстарда да айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ол «Алтын түлек» олимпиадасының қалалық және облыстық турларында жеңіске жетті, сондай-ақ математикадан республикалық пәндік олимпиадада жүлделі орын алды, онда үшінші орын алды.