Павлодар облысында 100-ден астам жас математик бақ сынады
Турнирге 2-4 сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, кеше бастауыш сынып оқушыларының ХІ облыстық математикалық турнирінің қорытындысы шығарылды.
«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес 29 ақпанда 2-4 сынып оқушыларының ХІ облыстық математикалық турнирі өткізілді.
- Білім додасының басты мақсаты оқушыларды жоғары деңгейдегі зияткерлік сайыстарға тиімді дайындауды көздейді. Турнирге 103 оқушы қатысты. Оның ішінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы жалпы білім беру ұйымдарынан – 36, аудандардан – 57, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерден 10 бала бақ сынады, - делінген хабарламада.
Сайыс қорытындысы бойынша 40 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды. Оның ішінде 3 қатысушы абсолюттік жеңімпаз болса, 6 оқушы 1-орынды, 12 бала 2-орынды және 19 оқушы 3-орынды иемденді.
Мұнда 2- сынып оқушылары арасында айрықша нәтиже көрсеткені үшін «Абсолюттік жеңімпаз» атағымен Павлодар қаласы, Жетекші орта мектебінің оқушысы Роман Останин марапатталды. 3-сыныптар арасынан даралана білген Павлодар қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің Катриана Ленинг «Абсолюттік жеңімпаз» атанды. Ал 4-сынып арасында «Абсолюттік жеңімпаз» атанып көш бастаған Павлодар қаласы №29 мектептің оқушысы Егор Станкеев болды.
Фото білім басқармасынан