Павлодар облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыса алады

Павлодар облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыса алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталған жоба аясында азаматтар өз кәсібін дамыту үшін жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген несие ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, бағдарламаның басты артықшылығы шарттарының қолжетімділігінде. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар негізгі қарызды өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған.

Несие мерзімі кәсіп түріне байланысты белгіленеді. Мәселен, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және өнім өңдеу салалары үшін қаржы жеті жылға дейін беріледі. Ал бизнестің басқа бағыттарына бес жылға дейін несие рәсімдеуге болады.

Несие сомасы да әртүрлі. Жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және жеке кәсіпкерлер 2500 айлық есептік көрсеткішке дейін несие ала алады. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8000 АЕК-ке дейін қаражат қарастырылған.

Өтінімді amanatnesie.kz сайты арқылы онлайн түрде беруге болады. Сонымен қатар кеңес алу үшін «Павлодар» ӘКК-на (Луговая көшесі, 16) немесе ауыл шаруашылығы басқармасына (Астана көшесі, 61) жүгінуге болады.

Қосымша ақпаратты өңірлік кооперация жөніндегі үйлестірушіден +7 701 705 00 65 нөмірі арқылы алуға болады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін өз ісін бастауға немесе шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік беретін ең қолжетімді тетіктердің бірі болып қала береді.