Павлодарда ҚҚС және салық реформасының басқа да ерекшеліктері талқыланды
![Павлодарда ҚҚС және салық реформасының басқа да ерекшеліктері талқыланды](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202311/image_750x_65607fcace7ca.jpg)
Жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстары жобаларды пысықтау кезінде ескерілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов павлодарлық бизнес-қауымдастықпен кездесті. Ол алдағы уақытта енгізілетін салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерді таныстырды. Оның айтуынша, реформа жүзеге асқан жағдайда мемлекеттік бюджетке жыл сайын 4-5 триллион теңге қосымша салықтық түсімдер түседі деп күтілуде.
Негізгі жаңалықтардың бірі – жылдық табысы 15 миллион теңгеден аспайтын жеке тұлғалар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті болмайды. Бұл өз ісімен айналысатын көптеген азаматтарға – курьерлерге, такси жүргізушілеріне және қолөнершілерге оператор-агрегаторлардың платформалары арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
– Бұл режимде төрт пайыздық салықтық төлем қарастырылған: екі пайызы – зейнетақы жарнасы, бір пайызы – медициналық сақтандыру, тағы бір пайызы – әлеуметтік аударымдар, – деп түсіндірді спикер.
Бұрынғыдай жеке табыс салығы ретінде төленетін бір пайыздық мөлшер енді азаматтардың зейнетақы және әлеуметтік жинақтарына аударылатын болады. Егер табыс белгіленген шектен асып кетсе, кәсіпкер ҚҚС төлеуші мәртебесіне ауысуға міндетті.
Вице-министр салық жүктемесінің артуына байланысты азық-түлік бағасының өсуіне қатысты да пікір білдірді. Ол ауыл шаруашылығы өнімдеріне салық салынбайтынын және бөлшек салықтың қазіргі нұсқада қалатынын айтты.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігі тиімсіз салықтық жеңілдіктерді қысқарту, жоғары табысы бар азаматтар үшін жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін енгізу мәселесін қарастыруда.
Үкімет бюджет кірісін арттыру мақсатында ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл қадам Ұлттық қордың қаражатын сақтауға және басым мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларға несие беру, АӨК институттарын дамыту, қорғаныс саласының шығындарын өтеу, ТКШ жүйесін жаңғырту, жылу энергетикасы мен газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту, машина жасау және өңдеу өнеркәсібін қолдау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жетілдіру жоспарланған.
– Соңғы жылдары біз Ұлттық қордан қаражат алып келдік, алайда оның негізгі мақсаты – болашаққа инвестиция салу, – деп еске салды Ержан Біржанов.
Үкімет жаңа салық реформаларын ұсыну барысында бизнеске қолдау көрсету мен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бюджет кірісін арттыру арасындағы теңгерімді сақтауға тырысуда.
Вице-министрмен кездесу барысында кәсіпкерлер сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдіру мүмкіндігіне ие болды. Бұл ұсыныстар алдағы реформаларды жетілдіру кезінде қарастырылатын болады.