Павлодарда «Құсбегілік» федерация мүшесінен Қызыл кітапқа енген 35 құс тәркіленді

Павлодарда «Құсбегілік» федерация мүшесінен Қызыл кітапқа енген 35 құс тәркіленді
фото: https://pixabay.com/Mihail_hukuna

Ол Қарағанды қаласындағы жеке үйінің аумағында заңсыз құс питомнигін ұйымдастырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, ұстады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының және ұлттық құсбегілік бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы жеке үйінің аумағында заңсыз құс питомнигін ашқан.

Белгілі болғандай, ол ұлттық құсбегілікке арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи ортадан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізетін адамдармен байланыс орнатқан. Осылайша күдікті сирек кездесетін құстарды заңсыз иемденіп, өз иелігінде ұстаған.

– Тінту барысында құқық қорғау органдары күдіктінің үйінен 35 жыртқыш құсты тәркіледі. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енгізілген ителгі, бүркіт және лашын сияқты сирек құстар бар, – деді департамент мамандары. – Тергеу барысында күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тәркіленген құстар Қарағанды қаласының хайуанаттар бағына уақытша орналастырылған. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі.

Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайтынын хабарлады.