Павлодарда көпірден секірмек болған жүкті әйел аман қалды
21 жастағы тұрғын мұндай әрекетке күйзелістің салдарынан барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 маусымда сағат 06.58 шамасында 102 операторының пультіне Усолка өзеніндегі көпірде әйел адамның секіргелі тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ерқанат Құбайдолла мен Жақсылық Мұсабаев дереу жетті.
– Біз келгенде күйзеліске түсіп, көздері жасқа толған қыз қоршаудың артына көтеріліп үлгерген. Біреумен эмоционалды түрде телефонмен сөйлесіп тұрды. Алыстан біз оны сөзге тартып, олай істеу дұрыс емес екенін, туыстарының қандай жағдайда болатынын түсіндірдік. Содан жанына жақындап, оның қолынан ұстап, көпірдің қауіпсіз жағына қайта көтерілуге көндірдік. Біз үшін оны қорқытып алмау маңызды болды. Себебі, бір секундтың ішінде орны толмас оқиға орын алуы мүмкін еді, – деді қызмет инспекторы Ерқанат Құбайдолла.
Кейін полиция оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.
– Қызмет ету және азаматтарымызға көмектесу – біздің тікелей міндетіміз. Қатарымыздағы барлық полиция қызметкерлері бұл кәсіптің батылдықты және өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді, – дейді полиция қызметкерлері.
Айта кетерлігі, полицейлер өткен жылдары сол көпірде бірнеше рет өмірмен қош айтыспақ болған жастарды құтқарып қалған.