Павлодарда ұстаздар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды
Биыл өңірде аталған байқауға 275 отбасы қатысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараның ұйымдастырушысы, «Кенжекөл жастары» жастар бірлестігінің үйлестірушісі Жұлдыз Малдыбаеваның айтуынша, жыл сайын өткізілетін Ұлттық байқауға қатысуға өтінімдер 15 сәуір-15 маусым аралығында қабылданған. Байқаудың облыстық кезеңіне өткен 26 отбасының 13-і ақтық мәреге жолдама алған. Оның ішінде металлургия өнеркәсібі, медицина, білім, педагогика салаларының қызметкерлері бар.
– Соңғы мәреге өткен 13 отбасына тұрмыстық техника, ноутбук және басқа да бағалы сыйлықтар, жинақтар табыс етілді. Бұл отбасылардың әрқайсының өзінің қызықты тарихы бар. Мұндай үлгілі отбасылардың саны тек арта берсін, – дейді Жұлдыз Малдыбаева.
Республикалық байқаудың облыстық кезеңінде бірінші орынды Теміровтер отбасы иеленді. 100 жылдан астам еңбек өтілі бар отбасының өкілдері – мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, педагогика салаларының қызметкерлері. Нұрболат Теміров Назарбаев зияткерлік мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. Отбасы соңғы үш жыл бойы байқауды сырттай тамашалап, биыл байқаудың облыстық кезеңіне қатысуды ұйғарған.
– Атам мен әжем ұстаз болған. Әкемнің отбасында 12 бала болса, олардың жартысы – мұғалімдер. Анам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бірақ соңғы 10 жылдан бері ауылдық округтің әкімі болып жұмыс істейді. Әпкем – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің, қарындасым тарих пәнінің мұғалімі. Жездем де – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, – дейді ол.
Нұрболат Теміров – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицейде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. «Мектебіме тағзым» жобасы бойынша жыл сайын қысқы демалыста туған ауылына барып, Қазақстан тарихынан олимпиадаға қатысушыларды дайындайды. Ал жазда ұстаздарға білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша қолдау көрсетеді.
– Соңғы кездері қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлардың шешімі отбасынан басталады. Себебі, отбасындағы құндылықтар, әке мен ананың рөлі, ата мен әженің тәлім-тәрбиесі адамзаттың қалыптасуында маңызды орын алады. Сондықтан мұндай жоба міндетті түрде болуы керек, – дейді ұстаз.
2-орынды иеленген Павлодар ауданында тұратын Әпеш отбасы жылқы шаруашылығымен айналысады, қымыз және ұлттық стильде көрпеше, алаша сияқты қолөнер бұйымдарын шығарады. Жалпы еңбек өтілі 125 жылдан асады.
3-орынға ие болған Май ауданынан келген Адамжановтар отбасы шахмат, еркін күрес, волейбол, тоғызқұмалақ бойынша байқаулардың жеңімпазы әрі лауреаты. Ақылбек Адамжанов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бастық болып, азаматтық қорғаныс қызметінің майоры шенін алған. Өрт сөндіру қызметінен зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Жалтыр орта мектебінде музыка пәнінен сабақ береді.
– Әкем еркін күреспен айналысатын. Ұлдарым да спортпен айналысады. Үлкен ұлым жиырма жаста, Торайғыров университетінде қоршаған ортаның қауіпсіздігі факультетінде білім алады, екінші ұлым мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Гумилев атындағы университетке оқуға түсті. Кіші ұлым тоғызыншы сыныпта оқиды. Үшеуі де спортпен айналысады, – дейді Ақылбек Адамжанов.
Айта кетерлігі, Теміровтер отбасы 6 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін ұлттық байқауға қатысып, ақшалай сыйлықпен марапатталады.