Павлодар облысында АӘК алу үшін құжат қабылдау басталды
Өтінішті Мансап орталығында немесе онлайн беруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 1 қазаннан бастап төртінші тоқсанға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініштер қабылданады.
Төртінші тоқсанда Павлодар облысы бойынша кедейлік шегінің мөлшері 48 504 теңгені құрайды.
АӘК алуға үміткер тұрғындар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына немесе кент, ауыл және ауылдық округ әкіміне жүгіне алады.
– Өтініш берген кезде сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет, – деп хабарлады басқармада.
Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар өтінішті үйден шықпай-ақ «Электрондық үкімет» порталы арқылы бере алады.
Интернетке қолжетімділігі жоқ тұрғындар үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, Мансап орталықтарында және ауылдық округ әкімдіктерінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған.