Май ауданында екі медициналық мекеме ашылады
Екі нысанның құрылысы да 50 пайыздан асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы Май ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Ақжар және Ақшиман ауылдарында 2 медициналық нысанның құрылысы басталды.
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ануар Бұйрашев жұмыс сапарымен Май ауданында болып, аталған медициналық нысандар құрылысының барысымен танысты.
– Екі нысан бойынша құрылыс жұмыстары мамыр айының соңында басталды, Ақжар ауылында жұмыстар 60 пайызға, Ақшиман ауылында 50 пайызға орындалды, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Май аудандық ауруханасында дренаж жүйесінің құрылысы басталды. Мұнда 10 жылдан астам уақыт бойы жертөлені жер асты суларымен су басу проблемасы орын алған.
Дренаж жүйесін пайдалануға беру ағымдағы жылдың қараша айында жоспарланған. 2025 жылға арналған жоспарда аудандық аурухананың жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл үшін бюджеттен 90 миллион теңгеден астам қаражат бөлу көзделуде.